Төлеухан Ысқақұлы

iskakov

*ЕҢБЕК. ОТБАСЫ. ҚҰТ-БЕРЕКЕ

Адам жанының арашашылары

    Байлыққа да, мансапқа да айырбастай алмайтын қымбат дүние бар. Ол – отбасы бақыты. Қай қоғамда болмасын, отбасы құндылығын насихаттау назардан тыс қалмағаны осының дәлелі. Біздің әңгімеміздің негізгі мақсаты да осы. Бүгін біз өз ісінің мықты білгірі, облысқа, ауданға есімі етене таныс – Ысқақовтар әулеті жайлы сыр шертпекпіз.

Төлеухан Ысқақұлының өмірі мен еңбек жолын зерделер болсақ, ол 1940 жылы Сарқан ауданы, Қарашыған ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі 1942 жылы соғысқа аттанып, сол күйі қайтып келмеген. Анасы бір өзі жастайынан әкеден айырылған үш баланы қанаттығы қақтырмай, тұмсықтығы шоқтырмай бағып қақты. 1959 жылы арман қуып Алматыдағы медициналық университетіне түсіп, хирург дәрігер мамандығын бітіріп, 1965 жылы Бөрлітөбе ауылына жұмысқа келген. Жауапкершілікті мамандықты арқалап жүріп, мол тәжірибе жинақтаған асыл азаматтың еңбегі ерен. Отбасы туын тік ұстаған Төлеухан аға бұрынғы Бөрлітөбе, қазіргі Лепсі ауылы емханасын жарты ғасыр басқарса, жары Фатима Шыңғожанова сол емханада бүгінгі күнге дейін разъезд фельдшері қызметін  атқарады. Фатима Малсаққызы денсаулық сақтау саласының білімді де білікті маманы. Ақ халатты үстіне іліп, жауапкершіліктің жүгін арқалаған қос дәрігер халыққа талмай қызмет көрсетіп келеді. Ауылдастары да жанашыр жандарға дән риза.

Әңгімесін өзінің қызметінен бастаған Төлеухан аға: «Алдыма келген әрбір науқасты өзімнің туысымдай, бауырымдай тіпті, жақынымдай қабылдаймын. Алған білімім мен өмірлік тәжірибемді ұштастырып, жылы сөзбен оларды ауруынан айықтыруға тырысамын. Оларға ең қажеті жылы сөз. Мұны соңымнан ерген жас мамандарға да айтудан жалыққан емеспін, – дейді.

Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болатынын айтқан Абай атамыздың ойы тереңде. Міне, біздің кейіпкеріміз де адами болмысын қалыптастырған, елінің дамуы жолында аянып қалмаған азамат. Ол өз ісінің үздігі. Хирург мамандарын даярлауда өз мектебін қалыптастырған білімді де білікті жанға әріптестері  бүгінгі заманның жаңа тұрпаттағы жоғары дәрежелі дәрігері деген баға беріп отыр.

Төлеухан Ысқақұлының бір мекемені жарты ғасыр басқарғандағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» медаліне, Елбасының «Құрмет» грамотасына ие болды. «Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі мен үшін үлкен марапат. Денсаулығы сыр берген әрбір адамның еміне шипа болсақ, оған іспен болмаса да жылы сөзімізбен жанын жадыратсақ осының өзі үлкен жеңіс болар еді. Жалпы, өмірге адам болып келген соң өзгеге зияның тимейтіндей ғұмыр кешкен абзал. Ауызбіршіліктің туын құлатпауымыз керек. Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйласақ қана біздің арамызда ұрпақ сабақтастығы бұзылмайтын қамал болары анық», – дейді ақ халатты абзал жан. Иә, қандай атаққа ие болса да, ең бастысы халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтінін мойындағанымыз жөн.

Өмірдің бір қызығы – бала. Әсіресе, қазақ халқы отбасына, ол шаңырақтан өсіп-өнетін балаларға барынша көп көңіл бөлген. Міне, алдына қойған мақсатынан таймаған біздің кейіпкерлеріміз ұлдары мен қыздарына саналы тәрбие беріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді күні бүгінге дейін айтудан жалыққан емес. Үлкен ұлдары Асхат пен Қанат жеке мал шаруашылығымен айналысады. Ардақ әкесінің ізін жалғастырып, медицина саласына оқуға түсіп, қазіргі таңда республикалық жұқпалы ауруларды зерттеу орталығында білікті маман болып қызмет атқарады. Ал кенжесі Жанат болса Америка Құрама штатында аудитор мамандығы бойынша еңбек етуде. Асқар таудай әке мен аяулы анадан алған тәрбиесі мен ұлағатты ұстаздарының сапалы білімін ұштастырып, ел дамуына айтарлықтай үлес қосқан ұрпағымен мың жасаған асыл жандар елінің тыныштығын, балаларының амандығын тілеуде.

Қазіргі ұрпақ бақытты. Олардың жан-жақты білім алуларына, өз істерін бастауына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарлама аясында қаншама жас өз саласында қызмет етіп жүр. Әсіресе, ауылды жерде мұғалім, дәрігер мамандықтарына сұраныс көп. Сондықтан жастарға жалқаулық, еріншектік деген жат қылықтан бойларыңды аулақ ұстаңдар дегім келеді. Еңбектің қайнар көзі ауылда екенін естеріңнен шығармасаңдар екен. Өйткені жас мамандарды шыңдап, оңы мен солын танытып, қанаттандырып, үлкен белесті бағындыруына әсер ететін осы қаймағы бұзылмаған ауыл. Сол үшін еңбек жолын ауылдан бастағандары өздеріне де тиімді. Сонда ғана біздің бір-бірімізге деген бауырмалдығымыз, қамқорлығымыз артады. Ұлы даланың бауырында өскен әрқайсымыз ең алдымен бірлігімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге міндеттіміз, – деді өмірден көргені мен түйгені мол Төлеухан әке мен Фатима ана.

img-161115102134-001

Пейілі кең, ниеті ақ берекесі мен бірлігі жарасқан шаңырақтың отағасы мен отанасы алты немеренің қызығын көруде. Бүгінде жетпістің бесеуіне келген ақ халатты абзал жандардың өмірі көпшілікке үлгі.

 

Мадина Айтова

Лепсі.kz  2016