Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс

         Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 73 жылдық мерейтойы Лепсі ауылында ерекше аталып өтті. Адамзат тарихында терең із қалдырған бұл сұрапыл соғыс мәңгілік халық есінде сақталады.

Ұлы жеңіс мерекесіне арналған іс-шараға ауыл орталығының тыл және еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары мен қонақтар елі мен жері үшін аянбай қаны мен терін төккен туыстарына тағзым етуге жиналды. Ауыл әкімі Гүлнар Серікбаева, Нұр Отан партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов, Өрт сөндіру мекемесінің басшысы Ерлік Омаров соғыс жайлы естеліктер айтып, жеңіс күні көкіректі кернеген ерекше мақтанышпен, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге деген айрықша ризашылықтарын білдіріп, өздерінің жүректерінен шыққан ақжарма құттықтау тілектерін айтты.

«Отан үшін күрес, елге тиген үлес» дейді дана халқымыз. Отанға деген махаббат, жеңіске деген құштарлық пен қуатты рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі болды. Тарихы тамырлас, тағдыры бауырлас көпұлтты еліміздегі тыныштық пен түсіністіктің түбірі де осы бір атаулы күннен бастау алса керек. Мерекелік шараға Лепсі ауылынан 30 ардагер қатысты. Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында «Чернобыль апатынан зардап шеккендері үшін» Кашкенов Адилбай (марқұм) отбасына, Қасқарауов Кенже төсбелгісімен марапатталды. Мерекелік шара мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Ұлы Отан соғысының құрбандары мен марқұм болған майдангерлер рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.

Жеңіс күні мерекесіне арнайы Мешіт жамағатының демеушілігімен «Айым» кафесінде тыл ардагерлеріне арналған дастарханнан дәм татты және Геллерд отбасы өздерінің тәтті тағамдарын ұсынды.

Көршілес Көкжиде ауылында  Бөрлітөбе орман шаруашылығы директорының орынбасары Ертай Айтжановтың ұйымдастыруымен жыл сайынғы дәстүр бойынша Құдияр аталарының аруақтарына тағзым етіп, үлкен ас берілді. Артынша бәйге, көкпар, қыз қуу ойындары ойнатылды. Бәйге бойынша бірінші, екінші орынды Егінсу ауылы, үшінші орынды Көктерек ауылы қанжығасына байлап кетті. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар берілді.

Тағы бір атап айтатын жәйт, жақында ауылымызда «Lepsy Asar» қоғамдық қоры әлеуметтік қызметті жүргізетін қор құрылған болатын. Сол кісілердің демеушілігімен ардагерлерімізге арнайы сыйлықтар, алғыс хаттар мен гүл шоқтарын тарту етті.

Бұл қордың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін азаматтардың, билік өкілдерінің қызметімен байланысты кәсіпорындар мен ұйымдардың күш біріктіруі қажет. Сондықтан қордың мақсатын  қолдайтын және оның жұмысына қатысуға дайын азаматтардың барлығымен ынтымақтаса жұмыс істеуге қуана келісетінін қор басшылары ескере айтты. Қордың қызметі ашық, айқын және түскен қаражат бойынша ауыл азаматтарының сұрауына орай кез келген уақытта есеп беруге дайын екендерін, сонымен қатар ауылды көркейтуге ат салысатынын және бар күш жігерлерін жұмсайтынын ескере кетті. Шет жаққа кеткен ауылдан түлеп ұшқан азаматтар қазіргі таңда өз көмек қолдарын созып, барынша ат салысып жатқандарын айтып қуанды.

9 мамыр – Жеңіс күні ауылда жоғары деңгейде аталып өтіп, халықтың көңілін көтерген ерекше мереке ретінде есте қалды. Ерліктің мәңгілік даңқы тағы бір мәрте жаңғырғандай болды.

 

Мадина АЙТОВА.