Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков халық алдындағы есебін аудан орталығынан Лепсі өңірінен бастады

Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков халық алдындағы есебін аудан орталығынан шал-ғайдағы Лепсі өңірінен бастады. Қасиетті жұма күні Көктерек, Лепсі, Қарашыған ауылдық округтерінде өткен жүздесуге Алматы облысы жастар ресурстық орталығының директоры Бақтияр Жаксыкельдинов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов, мемлекеттік және халыққа қызмет көрсететін мекеме-ұйым басшылары қатысып, өз салаларына қатысты сауалдарға жауап беріп, түсінік жұмыстарын жүргізді.

Көктерек ауылдық округінің әкімі Серік Смағұлов өткен жылдың қорытындысын мәлімдеп, жаңа жылдың міндеттеріне жан-жақты тоқталды. Аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша атқарылған жұмыстарды және алдағы міндеттерді саралап берді. Ауыл тұрғындарының сұрақтарына осы жиында аудан әкімі, ауыл әкімі, аудандық мекеме, бөлім жетекшілері тарапынан нақты жауаптар берілді.
Лепсі ауылдық округінің әкімі Гүлнар Серікбаеваның ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесудегі ауыл тұрғындары алдындағы 2017 жылғы атқарылған жұмыстар туралы есебінде нақты іс-шаралар қамтылған. Балқаш көлінің аумағында орналасқан елді мекендегі округ бойынша 23 мекемелер мен учаскелер жұмыс істейді. Лепсі ауылдық округі Лепсі, Көкжиде ауылдары мен 6 шағын разъездерден тұрады. Ауыл әкімі Гүлнар Мұратқызының жылдық есебіне қарағанда, ауылда жан-жақты өсу байқалады. Әрине, шешілмеген, қордаланған, кезегін күткен түйткіл істер де көп. Гүлнар Серікбаева ауыл басшысы болғалы бері нақты істер қолға алынып, ауылдың жұмыспен қамтылуы, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуы жеделдегенін де айтушылар жоқ емес. Ең бастысы, ауылды таза сумен, балабақшамен, мектеппен қамту, жұмыс орындарын ашу ісін жетілдіру, халық денсаулығын қорғау бағытындағы емханаларды жаңарту және салу, т.б. жаңалықтар көңіл көншітерліктей. Бұл жөнінде ауыл ақсақалдары айтып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шеңберінде «Туған жер» бағдарламасы бойынша мектеп түлектері тарапынан демеушілік көмек жүзеге асып жатқандығын да тілге тиек етті. Ауданның дамуына түрткі болатын негізгі жұмыс ауыл әкімдерінің қолында. Олардың іскерліктері, ұйымдастырушылық қабілеттері әрі тиісті құжаттама уақытылы өткізіп, қажетті қаржы бөлгізуге ұмтылыстары – ауыл халқының жағдайын жасаудың бірден-бір тетігі.
Аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы 2017-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасында межеленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру бағытында өткен жылы біршама жұмыстар атқарылғандығын өз есебінде атап көрсетті. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 14,6 млн. теңге бөлініп, Қарабөгет, Көктерек, Қарашыған ауылындағы мал қорымдарын жайғастыру жұмыстары өтті. «Сыбаға» бағдар-ламасы бойынша орындалу жоспары 108% немесе 270 басқа (жоспар-250 бас), «Алтын асық» жоспары 159,2% немесе 796 басқа (жоспар-500 бас), ал «Құлан» бағдарламасы бойынша жоспардағы 50 бас жылқы алынды.
Ауданның ауыл шаруашылық техникалық паркін жаңарту мақсатында жыл басынан 798 млн.686 мың теңгеге 70 дана ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды, оның ішінде 46 данасы «КазАгроҚаржы» АҚ-ы және 4 данасы басқа лизингілік компаниялар арқылы, 20 дана өздерінің немесе инвесторлардың қаражаттарына алынды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы-тудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелу үшін 1734 адам өтінді, оның 1394-і жұмыспен қамтылды. Баяндамашы сонымен қатар аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің деңгейін, салықтар және бюджеттің түсімін санамалап берді. Есепті баяндамадан әлеуметтік сала, денсаулықты сақтау, білім беру салалары тыс қалған жоқ.
Лепсілік тұрғындар атынан аудандық мәслихаттың депутаты Жанат Құрмашев, ақсақалдар алқасының төрағасы Оразалы Нұржигитов, жас маман, ауылдық ауруханасының терапевт-дәрігері Меруерт Мусанова сөз алып, аудан және ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қанағаттанарлықтай баға берді.
2017 жылғы әлеуметтік-эконо-микалық дамудың қорытындысы туралы жұртшылыққа егжей-тегжейлі баяндаған Қарашыған ауылдық округінің әкімі Бектілеу Тоқтасыновтың есебінен соң аудан әкімі жыл қорытындысы және алдағы белестер жайында жұртшылықты хабардар етті. Ауылдағы мешіт құрылысы, бос ғимараттарды пайдаланып, тойхана, дәріхана салу мәселесі сөйлеушілердің лебіздеріне арқау болды.
Осындай есеп беру жиыны өткен дүйсенбі, сейсенбі күндері Қарабөгет, Қойлық, Бақалы, Черкасск, Шатырбай ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Ауыл әкімдерінің және аудан әкімінің есебінен соң ауылды абаттандырып, ел еңсесін көтеру бағытындағы атқарылатын ауқымды жұмыстар талқыланды. Қарабөгеттен Байжан Сейітқұл, Қойлықтан Ермұханбет Жақыпбеков, Әдемі Дайырбекова, Бақалыдан Райхан Қияхметова, Черкасскіден Ермек Алинов, Төлеухан Битембиев, Шатырбайдан Өмірбек Өнерханов және басқалар көп көкейіндегі мәселелерді қозғап, елді мекеннің ертеңіне жанашырлық танытты.
Жиындарда өткен жылдың негізгі көрсеткіштері сарапқа салына отырып, алдағы уақытқа жоспарланған ауыл үшін қажетті мәселелер әр сала бойынша жан-жақты сараланды. Ырыс көзі – ынтымақ орын алған жерде ел еңсесінің көтеріліп, саланың өсуі мен дамуы нәтижелі болмақ.

Мадина АЙТОВА.